Kyzylorda-news.kz. Қашықтықтан көрсетілетін қызметтердің арқасында медициналық көмектің ауыл тұрғындары үшін қолжетімділігі арта  түсуде. Бейінді профильді дәрігерлердің, оның ішінде қазақстандық және шетелдік ғылыми орталықтардың мамандарының консультациясы пациенттің өз тұрғылықты орнынан  кетуін қажет етпей-ақ, дәл сол жерде онлайн режимінде жүзеге асырылуы мүмкін. Бұл мүмкіндік туралы толығырақ айтып береміз.

Медициналық қызметтер қай кезде қашықтықтан көрсетіледі?

Көпшілігі медициналық көмекті қашықтан алу мүмкіндігіне тап болған шығар, атап айтатын болсақ, учаскелік дәрігердің қабылдауына жазылу уақытында. Бұл қызмет әсіресе науқасты коронавирустан емдеу кезеңінде өзекті болып табылады. Науқастың жағдайын және ұсыныстардың орындалуын бақылау мақсатында дәрігер келесі кездесуді аудио немесе видео байланыс арқылы өткізе алады, ал пациентке емханаға барудың қажеті жоқ. Сондай-ақ, ауыл тұрғындарының әрдайым аудандық немесе облыстық орталыққа кеңес алу үшін баруға мүмкіндіктері болмайтындықтан, қашықтықтан көрсетілетін қызметтер олар үшін медициналық көмек алу мүмкіндігін жеңілдетеді.

Қашықтықтан көрсетілетін медициналық қызметтер тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде көрсетіледі. Аталған медициналық көмекті  алу үшін емдеуші дәрігердің жолдамасы қажет.

Қашықтықтан көрсетілетін медициналық қызметтер медициналық көмектің мынадай түрлері бойынша жүзеге асырылады: дәрігерге дейінгі медициналық көмек; алғашқы медициналық-санитариялық көмек; мамандандырылған медициналық көмек; медициналық оңалту; паллиативтік медициналық көмек.

Қашықтықтан медициналық қызметтер келесі себептер бойынша көрсетіледі:

  1. консультациялық көмек көрсету, оның ішінде ғылыми-зерттеу институттары, ғылыми орталықтар, университеттік ауруханалар мамандарының, сондай-ақ шетелдік клиникалардың;
  2. пациентті көзбе-көз консультацияға жіберудің орындылығын айқындау;
  3. жоғары деңгейдегі мамандардың ауылдық денсаулық сақтау емханасының мамандарына практикалық көмек көрсетуі;
  4. диагностикалау мен емдеудің тиімділігін бағалау, пациенттің денсаулық жағдайын медициналық бақылау;
  5. диагнозды нақтылау, пациентті одан әрі жүргізу тактикасын түзету және айқындау және диагностикалық рәсімдерді, емдеу тактикасын тағайындау;
  6. пациентті тасымалдау мүмкіндігін, оның ішінде медициналық авиация құралдарын пайдаланудың орындылығын айқындау;
  7. консилиумдарды қашықтықтан ұйымдастыру;
  8. медициналық оңалту қызметтерін көрсету.

Қашықтан қызмет көрсету үйде, медициналық ұйымнан тыс жерде, сондай-ақ амбулаториялық, стационарлық, стационарды алмастыратын жағдайларда, санаториялық-курорттық ұйымдарда көрсетілуі мүмкін..

Қызметтер қандай нысанда көрсетіледі?

Қашықтан қызмет көрсетуге болады:

  • шұғыл түрде – науқастың өміріне айқын қауіп төндірмейтін кенеттен жедел аурулар мен жағдайлар, созылмалы аурулардың өршуі кезінде. Мұндай жағдайларда қызметтер консультациялық медициналық ұйымға (оның жұмыс кестесіне байланысты) өтініш түскен сәттен бастап 3 сағаттан 24 сағатқа дейінгі мерзімде ұсынылуы тиіс.
  • жоспарлы түрде – емделушінің өміріне қауіп төндірмейтін, белгілі бір уақытқа кешіктіру науқастың жағдайының нашарлауына әкеп соқпайтын аурулар мен жағдайлар үшін, сондай-ақ профилактикалық іс-шаралар кезінде.

Қызметті кейінге қалдырылған консультациялар режимінде көрсету кезінде маман пациенттің медициналық құжаттарын және оның денсаулық жағдайы туралы ақпаратты қашықтықтан зерттейді. Содан кейін емдеуші дәрігермен және науқаспен тікелей байланыссыз медициналық қорытынды дайындайды.

Нақты уақыт режимінде қызмет көрсету кезінде пациент дербес немесе оны медицина қызметкері қашықтан форматында медициналық көмек көрсетуге немесе консультацияға жазуды жүзеге асырады. Консультацияның ұзақтығы кеңес беретін медициналық ұйымның жұмыс кестесіне байланысты.

Нақты уақыт режимінде қызмет көрсету мерзімі басталған кезде медицина қызметкері пациентпен аудио-визуалды байланыс форматындағы байланыс құралының көмегімен байланысады.

Қашықтық деңгейіндегі  консилиум

Науқас орналасқан елді мекенде суретті бағалай алатын қажетті сарапшылар болмаған жағдайда консилиумдарды ұйымдастыру кезінде қызмет көрсетудің қашықтықтан нысанын қолдану ерекше маңызды.

Консилиум нақты уақыт режимінде жүргізілген кезде диагностикалық зерттеу жүргізетін емдеуші дәрігер немесе медицина қызметкері және пациент ақпараттық-коммуникациялық технологиялар арқылы консилиум қатысушыларымен тікелей өзара іс-қимыл жасайды.

Консилиум кейінге қалдырылған консультациялар режимінде жүргізілген кезде консультанттар немесе бейінді мамандар пациенттің электрондық медициналық құжаттамасын және оның денсаулық жағдайы туралы ақпаратты қашықтықтан зерделейді. Олар байланыс технологиялары арқылы бір-бірімен пікірталас өткізеді және диагностикалық зерттеу жүргізетін пациентпен және медицина қызметкерімен байланыспай-ақ медициналық қорытынды дайындайды.

Науқасты қашықтықтан бақылау

Қашықтықтан көрсетілетін қызметтер арқылы пациенттің денсаулық жағдайын бақылау жүргізілуі мүмкін. Мұндай тәсіл, әсіресе, науқас өзінің дәрігері жоқ ауылдық жерде тұрғанда тиімді болып табылады.

Қашықтықтан бақылауды емдеуші дәрігер тағайындайды және бағдарламаны, қашықтықтан бақылау тәртібін және аурудың диагнозын белгілеуді қамтиды.

Пациенттің денсаулық жағдайын қашықтықтан бақылаудың қатысушылары тікелей пациент және емдеуші дәрігер болып табылады. Науқас өзінің әл-ауқаты туралы сұрақтарға жауап береді, шағымдарды айтады, дәрігер ауру белгілерінің болуын зерттейді, физиологиялық көрсеткіштерді жинайды.

Қажет болған жағдайда дәрігер пациенттің денсаулық жағдайы көрсеткіштерінің шекті мәннен аса ауытқуы кезінде шұғыл әрекет ете алуы тиіс.

Қашықтан қызмет көрсетудің нәтижелері

Қашықтықтан медициналық қызмет көрсететін дәрігерлердің қорытындысы, пациенттің денсаулығы мен диагнозы туралы барлық материалдар пациенттің электрондық денсаулық паспортына енгізіліп, дәрігердің ЭЦҚ-сына қол қойылуы тиіс.

Пациент өзінің денсаулығына қашықтықтан қызмет көрсету қорытындылары бойынша ақпаратқа қол жеткізе алуы тиіс. Ал оның дербес деректері қорғалуы тиіс.

Егер сізде медициналық қызметтерді қашықтықтан алуға қатысты сұрақтарыңыз болса, онда сіз оларды учаскелік дәрігерге немесе өз емханаңыздағы пациенттерді қолдау қызметіне қоя аласыз. Қажетті ақпаратты ала алмаған жағдайда Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына келесі байланыс арналары арқылы өтініш беруге болады: fms.kz ресми сайты, 1406 байланыс орталығы, Telegram-да SaqtandyryBot және Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы.

Тағы да оқыңыз: