Kyzylorda-news.kz. Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаевтың төрағалығымен коронавирус індетінің алдын алуға байланысты штаб отырысы өтті.

Штаб отырысына аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлімдер, тиісті мекеме басшыларымен бірге «Зум» бағдарламасы арқылы кент, қала және ауылдық округ әкімдері қатысты.

Аудан басшысы Мұхтар Оразбаев еліміздегі эпидемиологиялық ахуал жыл басында қайта өршіп, Қызылорда облысы «қызыл» аймаққа енгенін тілге тиек етті.

– Жыл басталғалы ауданда жұқпалы індет 65 адамнан анықталса, 16 қаңтар күні 23 адамнан алынған сынама оң нәтиже көрсеткен. Бұл әрине алаңдатарлық жағдай. Ауру анықталған 18 адам ауруханада ем алып жатырса, қалғандары үй карантинінде бақылауға алынған, – деді Мұхтар Әуесұлы.

Басқосуда күн тәртібіндегі мәселеге байланысты аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғабидулла Сарықұлов хабарлама жасап, қазіргі кездегі аудандағы эпидемиологиялық ахуал және облыстық бас санитарлық дәрігер шығарған №1 бұйрығының талаптарымен таныстырды.

Мұнан соң Қазалы ауданаралық ауруханасының бас дәрігерінің орынбасары Раушан Қалуова аудандағы вакцинациялау жұмыстарының қарқыны мен ауруханада жатқан науқастардың жағдайы жөніндехабарлама жасап, атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде айтып берді.

Күн тәртібінде қаралған мәселенің маңыздылығына тоқталған аудан басшысы Мұхтар Оразбаев тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстарын көбейту қажеттігін қатаң ескертті. Әсіресе, жұқпалы індетті жеңу үшін ревакцинациялау қажет екендігін түсіндірді.

Тағы да оқыңыз: