Kyzylorda-news.kz. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты көлемді мақаласын жариялағаны баршамызға белгілі. Мақалада бүгіннен бастап мән беруімізге тиіс ең бір көкейтесті дүниелер бар.

Мақала ауқымды төрт бөлімнен тұрады. «Бағдар мен белес» деп аталатын алғашқы бөлімінде тәуелсіздігіміздің мерейлі мерзімін үш онжылдық белеске бөліп қарастырады. Алғашқы онжылдықты Қазақстанның іргетасын қалау, екінші онжылдықты қазақ елінің керегесін кеңейту кезеңі деп атаса, үшінші онжылдықта еліміздің өсіп-өркендеп, мерейлі мемлекетке айналғаны баяндалады.

Мемлекет басшысы алдағы төртінші онжылдықтың бізге жүктейтін міндеті – қуатты елдің иесі және кемел халық болу екендігін айта келіп, осы жолда заман талабына бейімделген ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру қажеттігіне баса назар аударады. Сонымен қатар қазіргі пандемия жағдайында түрлі қатерлермен бірге әлемде жағымсыз идеологиялық вирустар да жайылып келе жатқандығына алаңдайды. Сондықтан жаһандану кезінде әсіресе, жас ұрпақты кез-келген ақпаратқа ілесіп кетпеуге шақырады.

«Таным мен тағылым» деп аталатын екінші бөлімінде халқымыздың тарихи санасын жаңғыртуға бағытталған ой-тұжырымдарымен бөліседі. Ұлттық мүддемізге сай келетін тарихымыз жазылатын уақыт келгендігін, ол ұрпақтың санасын оятып, ұлт жадын жаңғыртуға мүмкіндік беретінін бағамдайды.

Мақаланың «Қоғам мен құндылық» деп аталатын үшінші бөлімінда Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің егемендігіміздің мәңгілік үштағанына балаған байтақ жерімізді, қастерлі тілімізді, береке-бірлігімізді көздің қарашығындай сақтауға үндейді.

Мақаланың «Ұлағат пен ұстаным» атты соңғы бөлімінде саяси жаңғыру мәселесіне кеңінен тоқтала келіп, елімізде адамның құқығын сақтауға негізделген заң мен тәртіп болу керектігін баса айтады. «Біздің мақсатымыз – келер ұрпаққа Қазақстанды тұғыры мығым, экономикасы қуатты, рухы асқақ мемлекет ретінде табыстау және елдік істерді шашау шығармай лайықты жалғастыратын жасампаз ұрпақ тәрбиелеу», – дейді.

Ол үшін ХХІ ғасыр – білім мен біліктің дәуірі екендігін, әр адам өзін үздіксіз жетілдіріп, жаңа кәсіптерді игеріп, үнемі заман ағымына бейімделу арқылы ғана бәсекелік қабілетін арттыра алатынына ерекше мән береді. «Жастар – қашанда тың идеялардың қайнар көзі, оң өзгерістердің қозғаушы күші», – деп өскелең ұрпаққа сенім артады.

Сондықтан да егемендік жылдарында дүниеге келіп, әлі танылып үлгермеген талантты жастарды қолдау мақсатында «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты грант тағайындауды, «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» деген қасиетті сөзді мәңгі ұранға айналдыруды ұсынады.

Біз де өз кезегімізде Мемлекет басшысының маңызды мақаласын жас ұрпаққа білім мен тәрбие берудегі алдағы жұмыстарымызға жаңаша тың серпін береді деп ойлаймыз.

Әрбір жас өреннің өзі мекен еткен жеріне жанашырлық танытуына тек ақыл айтып қоймай, өзі үлгі болатындай әрекет жасау – аға буынның, яғни біздің Отан алдындағы міндетіміз. Мақалада бүгінгі жастардың шетелде білім алуына барынша қолдау көрсетіп, алған білімі мен жинаған тәжірибесін өз еліне қызмет істеуге пайдалана білетіндей ұлтжанды ұрпақ дайындау үшін сананың ашықтығы керек деген ойын өз өмірінен мысал келтіре отырып, қисынды жеткізе білген. Ұрпақ тәрбиесінің мемлекеттің назарынан тыс қалмауы, олардың бойындағы табиғи таланты мен ерекше дарындылығын дамыту үшін қойылатын талаптың жоғары екендігін сезінген сайын өз мамандығымның ұлт болашағы үшін маңызды екенін, осындай ұлы мамандықтың тізгінін ұстап тұру үшін ел үшін тынымсыз еңбек етудің өзі зор бақыт әрі үлкен сын деп қабылдаймын. Соңғы жылдардағы педагогтардың еңбекақысының сатылап өсуі де жүктелген міндеттің салмағының ауырлығында деп түсінуіміз керек.

Қорыта айтқанда, лайықты еңбек етіп, ұрпақ тәрбиесіне өз үлесімізді қосуымыз қажет. Бұл – біздің ұрпақ алдындағы борышымыз.

Сәрсен ТІЛЕУБАЙ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің

Информатика және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар кафедрасының меңгерушісі

Тағы да оқыңыз: