Kyzylorda-news.kz. Ұстаз – шәкіртінің бойына білім нәрімен қатар ақыл-парасат пен көркем мінез сіңіруші жан. Сол себепті ұстаз есімі – қашанда ұлағатты. Ал осы ұлағат алып бәйтерек секілді жайқалған әулетте ұрпақтан ұрпаққа сабақтасып жатса оның орны тіпті ерек.

Бұл отбасының перзенттерінің барлығы педагогтық жолды таңдады. Сейіт қожа әулетінің ақылшысы болған Жағыпаров Дәулет пен Ханшайым үш ұл, жеті қыз тәрбиелеп өсірген. Олардың үш ұлы мен келіндері де қазір педагогика саласында қызмет атқарады. Жеті қызы да педагогикалық білім алып, алды 40-50 жыл бойы ұстаздық етті. Айта кетерлігі, бүгінде сол жарасымды үрдісті немерелері жалғастырып келеді.

Халқымыздың «Тәрбие тал бесіктен басталады» деген тәмсілі осындайдан басталса керек-ті.

Бүгінге дейін 30 жылдан астам саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған Жанатбек Дәулетұлы Жағыпаров Жезқазған педагогикалық институтын бітіріп, 1987 жылы туған жеріне келді. Жоғары оқу орнын жаңа бітірген жас Сырдария ауданы Ақжарма ауылында орналасқан Абай атындағы № 130 орта мектепте еңбек жолын бастады.

Педагогикалық еңбек жолын еңбек пәнінің мұғалімі болып бастаған ол көп ұзамай-ақ өзінің біліктілігі мен білімділігін көрсете білді. 1990 жылы мектеп директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалды. Ал 1993 жылдан бастап оған мектеп директоры қызметіне атқаруға сенім артылды. Сол уақыттан бастап мектептің өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосты.

Еселі еңбегі елеусіз қалған жоқ. Аудан әкімінің алғыс хатымен, аудандық білім бөлімінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. 2006 жылы «Үздік грант иегері» атанып, 2019 жылы ҚР Білім министрінің Алғыс хатына, басқа да жоғары марапаттарына ие болды. Бүгінде көптеген жылдар бойы педагогикалық тәжірибесін сарқа пайдалануды мақсат тұтқан, бала психологиясын терең меңгерген Жанатбек аталған білім ошағында педагог-психолог қызметін атқарып келеді.
Ұстаз қашан да өзгенің бақытын аялап, шәкіртін өмірге баулушы екені белгілі. Шәкіртіне өмірлік азық боларлық пайдалы білім береді. Жас ұрпақтың бойына ізгілік нәрін егеді. Жақсы мен жаманды айыра білуге үйретеді. Адамгершілік қасиеттерді сіңіреді.
Жанатбек Дәулетұлының құдай қосқан қосағы Сәуле Жағыпарова да ұстаздық мамандықтың ұлағатты қасиетін бойына сіңірген жан. Педагогикалық мамандық алған ол туған жерге қызмет жасауға келді. Жас ұстаздар отбасы еңбек жолын бірге қол ұстасып Абай атындағы № 130 орта мектептен бастады. Ол кісі орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, білікті ұстаз. Жастайынан қазақ әдебиетімен қатар орыс әдебиетінен нәр алып, екі тілді де шебер игерген.
Үлгілі отбасы үш ұл тәрбиелеп өсірді. Үлкені Жандос Алматыдағы М. Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының, Елдос Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің, кенже ұлы Сейітхан Алматы технологиялық университетінің түлектері. Үшеуі де орта мектепте тиянақты білім алуының арқасында грант иегерлері атанып, оқу орнын жақсы аяқтады. Бүгінде өз мамандығының білікті иелері атанып жүр. Ұстаздықтың қыр-сырын шебер игерген Сәуле апай Гүлназ, Перизат, Рахима есімді келіндеріне қазақтың салт- сіңіріп келеді.
«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей Жанатбек пен Сәуле ұстаздар тәрбиелеген шәкірттер жыл сайын түрлі облыстық, республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары атанып келеді. Солардың бірі – Б.Ахмедияров бүгінде өзі түлеп ұшқан мектептің директоры. Ал Ж.Орынбаев, А.Жақанова осы білім шаңырағында мектеп директорының орынбасары қызметін абыроймен атқарып келеді.
Ұстаздар мерекесінің қарсаңында саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиелеуге арнаған мұғалімдерді, Жанатбек ағай мен Сәуле апайдай ұлағатты ұстаздарды төл мерекелерімен құттықтаймыз. Ұрпақ тәрбиесі жолындағы, қоғам мен адамзат алдындағы өлшеусіз еңбектеріңіз әрдайым жоғары бағаланады. Сіздерге өскелең ұрпақ тәрбиелеудегі өрелі жұмыстар және мемлекеттің гүлденуі жолындағы абыройлы істеріңізге толымды табыс тілейміз. Себебі ертеңгі мемлекеттің болмысы — ұстаздың бүгінгі тәлімінде

Тағы да оқыңыз: