Kyzylorda-news.kz. 2021 жылдағы ұлттық бірыңғай тестілеудің соңғы қорытындысы 25 тамызға дейін шығарылады. Егер талапкердің емтихан тапсыру кезінде тыйым салынған заттарды пайдаланғаны анықталса, ҰБТ нәтижесі жойылады. Бұл туралы білім және ғылым министрлігі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев айтты.

“Соңғы нәтижелер тамыз айында дайын болады. Қолданыстағы ережелерге сәйкес барлық бейнежазба 25 тамызға дейін талданады. Егер талапкердің емтихан тапсыру кезінде тыйым салынған заттарды пайдаланғаны анықталса, ҰБТ нәтижесі жойылады”, – деді Тойбаев баспасөз мәслихатында.

Ол ҰБТ процесі орталықтандырылған ахуалдық орталық арқылы бақыланатынын атап өтті. Сондай-ақ әр ҰБТ өткізу пунктінен онлайн көрсетілім ұйымдастырылды.

Тойбаев биыл ҰБТ штаттық режимде және қандай да бір форс-мажорсыз өткенін айтты.

Ұлттық тестілеу орталығы директорының міндетін атқарушы Наужан Дидарбекованың айтуынша,  2021 жылы ұлттық бірыңғай тестілеудің орташа балы 69,08 ұпай болған.

“Биыл жалпы ұлттық бірыңғай тестілеудің орташа балы – 69,08. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 5 ұпайға жоғары”, – деді ол.

Айтуынша, 88 101 талапкер немесе 60%-дан астамы шекті балды жинады. Ал 57 187 түлек немесе 39,4%-ы шекті балл жинай алмаған.

“Орташа балдың өсуі мектеп бітірушілердің емтиханды екі рет тапсыру мүмкіндігіне ие болуымен байланысты деп есептейміз”, – деді ол.

Ол ҰБТ-ға биыл 145 288 талапкер қатысқанын айтты. Оның ішінде 109 693-і немесе 65,5 пайызы – қазақ тілінде, 35 245 немесе 24,3 пайызы – орыс тілінде, 350 немесе 0,2 пайызы ағылшын тілінде тапсырған.

Биылғы сынақта 1 923 түлек 120 балдан жоғары жинаса, тек 1 талапкер ғана барлық сұраққа дұрыс жауап беріп, 140 балл алды. Өткен жылы ең жоғары балл 139 болған еді.

Тағы да оқыңыз: