Kyzylorda-news.kz. Ресейдің «Молодой ученый» журналының арнайы 25-ші нөмірі түгелдей Қызылорда облысына арналып жарық көрді. Ғылыми басылымның бұл нөміріне, әсіресе, «Болашақ» университетіне ерекше басымдық берілген.

«Болашақ» университеті 2013 және «Болашақ» Ғылыми-зерттеу институты 2017 жылдан бастап Қазан қаласында орналасқан «Молодой ученый» баспасымен ынтымақтастық орнатып, байланыс жасап келеді. Келісім-шарт негізінде екі тарап мүмкіндіктеріне қарай бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, бірлескен семинарлар, конференциялар мен арнайы нөмірлерді шығаруды ұйымдастыру, ынтымақтастық шеңберінде ғылыми жарияланымдармен алмасу сынды жұмыстар жүргізуде.

«Болашақ» ғылыми-зерттеу институты «Болашақ» университетінің 25 жылдығы қарсаңында «Қазіргі ғылым және инновациялар» атты V Халықаралық ғылыми конференциясы аясында өзінің «Молодой ученый» журналының 25-ші арнайы нөмірін жарыққа шығарды. Ескеретін жәйт, арнайы нөмірге тек Қызылорда «Болашақ» университетінің профессор-оқытушылар құрамы, магистранттары және студенттерімен қатар өңірдегі мектептер мен колледж оқытушылары, еліміздегі өзге оқу орындарының қызметкерлері жарияланды.

Бүгінгі таңда Халықаралық ынтымақтастық бағытындағы «Молодой ученый» журналының арнайы нөмірлерінің 25 санында 563 ғылыми мақала жарық көрген. Халықаралық ынтымақтастық бағытындағы бұл нөмірлер2018 жылғы Қызылорда «Болашақ» университетінің институционалдық аккредиттеуі кезінде Білім сапасын қамтамасыздандыру бойынша тәуелсіз агенттігі (БСҚТА) сарапшылары жоғары бағасын беріп, жоғары оқу орындары үшін оң тәжірибе екендігіне назарын аударды.

Айта кетейік, Ресейдің «Молодой ученый» журналы осыдан 12 жыл бұрын 2008 жылы жарық көрді. Журнал «Ulruch’s Periodicals Directory» халықаралық каталогтар базасына енеді және «Google Scholar» мен «elibrary.ru» Ғылыми электронды кітапхана базаларында индекстеледі. Баспа аталмыш журналдан бөлек 10 журналды баспадан шығаруды қолға алып отыр. Сонымен қатар, ай сайын түрлі ғылымдар саласы бойынша Халықаралық ғылыми конференциялар материалдарын ұйымдастырады.

Тағы да оқыңыз: