Қызылордалық ғалымға құрмет көрсетілді – Kyzylorda News
Басты бет

Қызылордалық ғалымға құрмет көрсетілді

25.05.2022, 10:20

373 0

Kyzylorda-news.kz. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде филология ғылымдарының кандидаты, доцент, ғалым Шанжархан Бекмағамбетовтің педагогикалық қызметіне 55 жыл толуына орай Гуманитарлық-педагогикалық институты Кеңесінің салтанатты мәжілісі өтті.

Ғылыми кеңесте Әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректор Жандос Базартай ғалымның ғылым мен білім саласына қосқан үлесін ерекше атап өтті.

«Шанжархан Бекмағамбетов – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің білім мен ғылым, тәрбие беру қызметіне, кәсіби маман дайындау ісіне айрықша үлес қосып келе жатқан тәжірибелі ұстаз. Ғалым тіл теориясы, тіл генетикасы салалары бойынша ширек ғасырдан бері еңбек етіп келеді. Ол адамзат тілінің пайда болуы мен қызметі туралы жаңа ғылыми бағыт – генетикалық тіл ғылымының авторы болып есептеледі», – деді Жандос Нұртайұлы.

Айта кету керек, жиынға зиялы қауым өкілдері, университеттің ғылыми кеңес мүшелері қатысты.

Салтанатты шарада Шанжархан Бекмағамбетов ҚР Жоғары оқу орындары қауымдастығының шешімімен Қазақстанның білім және ғылым жүйесінің дамуына қосқан айрықша үлесі және білікті мамандарды дайындаудағы ерен еңбегі үшін А.Байтұрсынұлы атындағы ордені, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Үздік оқытушысы» медалімен марапатталды.

Шанжархан Бекмағамбетов университетте «Құрмалас сөйлем синтаксисінің теориялық мәселелері», «Қазақ тілінің тарихи грамматикасы және жазу тарихы», «Генетикалық тіл біліміне кіріспе» пәндерінен дәріс оқыды.

«Қазақ тіліндегі түсіндірмелі қатынастағы құрмаластардың құрылымдық-мағыналық ерекшеліктері» атты оқу-әдістемелік құралдың, 50-ден аса ғылыми мақалалардың авторы.

Сондай-ақ, «Тілдік таным негіздері және тілдік символдар», «Тіл генетикасы: тілдік таңба-нышандық жүйе» атты ғылыми монографиялар мен «7 Лекций по теории генетической лингвистики» атты ЖОО студенттеріне арналған оқу құралдарын даярлады.

Ғалым тіл теориясы мен тіл философиясы, семиотика салалары бойынша тың ғылыми идеяларды жүзеге асыру, генетикалық тіл ғылымы идеяларын өмірге ендіру (оқыту) бағытында ширек ғасырдан бері еңбек етіп келеді.

2010 жылы «Жүректегі жазулар» атты жыр жинағы жарық көрді. Бүгінде жас әдебиетшілерді қолдау бағытындағы «Құс қанаты – Қызылорда» қоғамдық қорының төрағасы.

Ол – «Бейбітшілік әлемі» (Планета Мира – Worldof Pease) Халықаралық қазақ творчестволық бірлестігі халықаралық жазушылар одағының мүшесі. Халықаралық «М.Шолохов» медалі, университеттің Қорқыт ата атындағы Алтын медалі және Қызылорда облысы әкімінің Алғысымен марапатталған.