Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласы Е.Әуелбеков атындағы дарынды балаларға арналған №4 облыстық мектеп-интернатының 11 сынып оқушылары Какпан Нұрлыхан мен Бергенбекұлы Нұрдәулет Президенттік олимпиада жүлделі 2 орынды иеленді.

Осымен 11-ші мәрте ұйымдастырылған білім додасында бақ сынаған №4 облыстық мектеп-интернатының шәкірттері күмістен алқа тақты. Қарағанды қаласында жаратылыстану – математикалық бағытында ұйымдастырылған бұл білім бәйгесіне өңірімізден 10 оқушы бақ сынаған болатын.

Президенттік олимпиадада топ жарған №4 облыстық мектеп-интернатының оқушысы Бергенбекұлы Нұрдәулет – Нархоз Университеті, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университеті, Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті мен М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің бакалавриатының кез-келген білім беру бағдарламасы бойынша 100% жеңілдікпен білім алу сертификатына ие болды. Ал, Какпан Нұрлыхан – М.Нарикбаев атындағы қазақ мемлекеттік заң университеті мен Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің бакалавриатының кез-келген білім беру бағдарламасы бойынша 100% жеңілдікпен оқуға, сонымен қатар М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде білім алуға 70% жеңілдік сертификатына ие болды.

Сонымен қатар, олимпиада қорытындысымен «Ең үздік олимпиадалық мектеп-2021» номинациясы бойынша жүлделі ІІІ орынды Қызылорда қаласы Е.Әуелбеков атындағы дарынды балаларға арналған №4 облыстық мектеп-интернаты қанжығасына байлады.

Тағы да оқыңыз: