**[Kyzylorda-news.kz.](https://kyzylorda-news.kz/)** **Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі жастар жылы аясында және бұқаралық спортты дамыту мақсатында жеңіл атлетикалық  марафон ұйымдастырды.** Іс-шара барысында сөз алған мектеп директоры Бақыт Жұматай аталған спорттық іс-шараның мектеп қоғамдастығының мүшелері арасындағы байланысты нығайтудағы маңыздылығын атап өтті. > _«Бұл спорттық іс-шара салауатты өмір салтын қолдау мақсатында өткізіліп отыр. Марафонға қатысуға атсалысқан  ата-аналар оқушылардың спортпен шұғылдануына үлгі болады деп ойлаймын», – деді мектеп директоры._ Мектеп тарихында алғашқы көпшілік жүгіруге оқушылар, ата-аналар және мектеп қызметкерлері қатысты. 100-ден астам адам Сырдария өзені жағалауымен 3,5 шақырым қашықтықта жүгірді. Марафон нәтижесі бойынша оқушылар арасында 11 «А» сынып оқушысы Елжан Жарылқасын және 9 «С» сынып оқушысы Жанар Сабихан мәре сызығына бірінші болып келді. Ата-аналар арасында Нұрдидар Құдайбергенов пен Базаркүл Бисенбаева барлық қатысушыларды басып озды. > _«Бұл тапсырма мен үшін оңай болған жоқ, дегенмен өз күшімді сынап көргім келді. Бастапқы уақытта мәреге жүгіріп келмесем де, ең болмағанда жүріп жетемін деп ойладым. Өзім үшін жаңа рекорд орнаттым», – деді марафон жеңімпазы Базаркүл Бисенбаева._ Педагог-қызметкерлер арасынан педагог-ұйымдастырушы-куратор Еркебұлан Досжанов және дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Жанна Омарова жарыстың жеңімпаздары деп танылды. Ұйымдастырушылар тарапынан барлық жүлдегерлер естелік медальмен және дипломмен марапатталды. ![](https://kyzylorda-news.kz/wp-content/uploads/2019/11/21marafon2.jpg) ![](https://kyzylorda-news.kz/wp-content/uploads/2019/11/21marafon3.jpg) ![](https://kyzylorda-news.kz/wp-content/uploads/2019/11/21marafon4.jpg)