Kyzylorda-news.kz. Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Қызылорда облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен Қызылорда облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Ғалия Даулетова, Қызылорда облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова және департамент басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Ниязов «ҰБТ кезеңінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу» бойынша ANTIKOR.LIVE жобасы аясында «Facebook» әлеуметтік желісінде тікелей эфир арқылы облыс тұрғындарымен кездесу өткізді.

Кездесу барысында тестілеудің ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ету үшін Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен еліміздің барлық аймақтарында жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына арнайы мониторинг топ, «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдері және Агенттік қызметкерлері кіретіндігі атап өтілді.

Бұл топтың негізгі мақсаты тестілеудің «тазалығын» бақылау болып табылады. Қандай да бір сәйкессіздіктер немесе тестілеуді адалсыз тапсыру жағдайлары анықталғанда, олар бұл туралы жауапты тұлғаларға хабарлауға міндетті.

Қазір Агенттік әлеуметтік желілерде, WhatApp мессенджерлеріндегі ата-аналар топтарына мониторинг ұйымдастыруда. Оның нәтижесімен Ұлттық бірынғай тестілеуден оң нәтижеге қол жеткізуге жәрдем көрсету бойынша белгісіз азаматтар анықталуда.

Осыған байланысты Агенттік оқушыларды тек өз білімдеріне ғана сүйене отырып, тест тапсыруға шақырады, ал ата-аналарды тестілеу қорытындысы бойынша оң баға алу мақсатында пара бергені үшін қылмыстық жауапкершілік және бас бостандығынан айыру көзделгенін ескертеді.

Егер азаматтар осындай жағдайға тап болса, сыбайлас жемқорлыққа қарсы 1424 Call-орталыққа  қоңырау шалу қажет.

Жалпы, Агенттік Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп парасаттылық пен академиялық адалдық идеологиясын ілгерілету бойынша белсенді жұмыс жүргізуде.

Тағы да оқыңыз: