Қызылорда облысындағы колледждердің жатақхана мәселесі қашан шешіледі? – Kyzylorda News
Басты бет

Қызылорда облысындағы колледждердің жатақхана мәселесі қашан шешіледі?

19.02.2020, 13:07

1081 0

Kyzylorda-news.kz. Бүгін Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақовтың халық алдындағы есеп беру кездесуінде Call-орталыққа келіп түскен сауалдар легі де толастамады. Солардың бірі колледждердегі жатақхана мәселесіне арналды. 

«Менің балам Қызылорда қаласындағы М.Ықсанов атындағы политехникалық колледжде оқиды. Өзіміз ауылда тұрғандықтан, ұлымыз пәтер жалдап жүр. Жатақхана мәселесі қашан шешіледі?», – деп сауал жолдады Амангелді ауылының тұрғыны Жұлдызай Маханалиева.

Жатақхана жайы – бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналған. Осы мәселеге байланысты ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылы Үкіметке де, облыс әкімдеріне де тиісті тапсырмалар берді. Жоғары және орта оқу орындарында оқитын студенттердің барлығы 2022 жылға қарсы жатақханамен қамтамасыз ету керектігі айтылды.

«Қызылорда облысы бойынша ЖОО жатақхана мәселесі туындап отырған жоқ. Бірақ 10 колледж бойынша бұл проблема бар. Жақын арада жоғарғы медициналық колледжге 330 орындық жатақхана берілді. М.Ықсанов атындағы колледжге Сұлтан Бейбарыс көшесінен келер жылы 200 орындық жатақхана берілетін болады. Жатақхана құрылысы қыркүйек айына дейін аяқталып, пайдалануға берілетін болады», – деді облыс әкімі.