Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында 4 апатты мектеп бар. Оның үшеуі Арал ауданындағы №71, №248 және Жаңақорған ауданындағы №169 мектептер жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Қазалы ауданындағы №94 мектепке жоба сметалық құжаттар әзірленуде.

Ал, үш ауысымда оқыту қаупі бар 6 мектеп бойынша 2 мектепке (Абай мектебі – 550 орын, №101 – 300 орын) қосымша ғимарат құрылысы басталуда және 2 мектепке (№3, №264) қосымша құрылыс салуға жоба сметалық құжаттар әзірленуде. Жыл соңына дейін пайдалануға берілетін 600 орындық мектеп (Қызылорда-Жезқазған трассасы бойынан) 2 үш ауысымды (№261, 280) мектептің мәселесін шешетін болады.

Облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағамбеттің айтуынша биылғы жылы 4350 орынға арналған 9 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 6-уы мемлекеттік (Арал ауданындағы 200 орындық №71 мектеп, Қазалыда 250 орындық мектеп, Қызылорда-Жезқазған тас жолындағы 600 орындық мектеп, Жаңақорғандағы 600 орындық №169 мектеп пен Майбекет шағын ауданындағы 300 орындық мектеп, Сұлтанмұратов көшесінің бойындағы 300 орындық мектеп құрылысы), 3-уі жеке мектеп (Қызылорда қаласында – 2 мектеп, Сабалақ, Күлтегенов көшесі, Арал қаласында – 1 мектеп).

«Жаңа оқу жылына Арал ауданындағы 200 орындық №71 мектеп пен Қызылорда қаласы, Сабалақ саяжайындағы 500 орындық және Күлтегенов көшесіндегі 1500 орындық жеке мектептің ғимараты пайдалануға берілді. Жыл аяғына дейін 5 мемлекеттік, 1 жекеменшік мектептің құрылысын пайдалануға беру жұмыстары жоспарлануда. Сондай-ақ, балалар тасымалын ұйымдастыруға қажетті 30 автобус сатып алу жұмыстары жүргізілуде.

Балалар жылы қарсаңында білім беру ұйымдарынан 47 логопункт, 29 инклюзивтік кабинет, 2 инклюзивтік ресурстық орталық ашылды. Сондай-ақ, облыс әкімінің қолдауымен демеушілер есебінен 1 млрд. тг. 80 спорттық ойын алаңдары салынуда. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында «КазГерМунай» кәсіпорнымен Сол жағалауда заманауи үлгідегі Оқушылар сарайын салу жоспарлануда», – деді басқарма басшысы.

Тағы да оқыңыз: