Kyzylorda-news.kz. Білім және ғылым министрлігі педагогтердің айлығын есептейтін калькулятор жасап шығарды. Енді кез келген мұғалім өз жалақысын өзі есептей алады. Бұл туралы бүгін білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

“Асхат Қанатұлы министр болып келген кезде бізге ұстаздардың еңбекақысын есептейтін калькулятор жасауды тапсырды. Енді кез келген педагог онлайн режимде өзінің айлығын есептей алады. Бұл дегеніміз, мұғалімдер бухгалтерлер мен қаржыгерлерге тәуелді болмайды”, – деді Асылова министрліктің кеңейтілген алқа отырысында.

Ұстаз калькуляторға өз категориясын, жұмыс өтілін, сағат санын жазып, жалақысын есептей алады. Сондай-ақ, экологиялық апатты аймақта тұрғаны үшін, магистрант, тәлімгерлік қызметтер үшін қандай үстемақы болатынын көріп, біле алады.

Асылованың айтуынша, қаңтар айының өзінде еңбекақыны есептейтін бөлімге елуден астам өтініш келіп түскен. Педагоготер әртүрлі себептерге байланысты айлығының дұрыс есептелмегенін айтып шағымданған.

“Енді кез келген мұғалім база арқылы өз жалақысын есептеп, есеп бөлімінен себебін сұрай алады. Ол базаға ұстаздардың еңбекақысын арттыру жөніндегі шаралардың барлығы енді. Егер есепші шатасып кетсе, ол сол қағазды шығарып алып, түсіндіруді талап етуге құқылы”, – деді вице-министр.

Тағы да оқыңыз: