Kyzylorda-news.kz. Мектептегі  «Өзін-өзі басқару» жобасының   миссиясы, оқушылар арасында мәдениетаралық түсіністік, үздіксіз білім мен тәрбие алуға және жоғары адамгершілік құндылықтарды дамытуға бағытталған зияткерлік қоғам құруға үлесін қосу.

Мектеп парламентінің миссиясын түсінген оқушылар  толерантты әлем құруға бағыттайтын және үйлесімді дамуға мүмкіндік беретін  адами капиталы мол жаһандық азамат болуға талпынады. Осы мақсатты іске  асыру  барысында  Қызылорда облысы бойынша білім беру ұйымдарында оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға бағытталған жұмыстар  оқушы қажеттілігіне  қарай іске асырылып, облыс бойынша 285 білім беру ұйымында мектеп парламенті жұмыс жасайды. Мектеп парламентінің жобаларына  қатысу арқылы   оқушылар қамқор болу, танымдық іс-шаралар жүргізу, жұмыстарды үйлестіру, оқушылар қауымдастығымен жұмыс жасау, толеранттық ретінде өзгелердің кемшілігіне кешіріммен қарау, төзе білу, басқаны қабылдай білуге  бағытталған шараларды  жоспарлап  ұйымдастырды.

Өңірімізде   мектеп парламенті жобасын іске  асыру тәрбие мамандары мен білім беру ұйымдары директорының тәрбие орынбасарларына арналған облыстық онлайн семинар  ұйымдастырудан басталды. Облыстық шараға ат салысқан белгілі тәрбие мамандары  «Балалар мен жастардың құқықтық мүмкіндіктерін іске асыру жолдары», «Парламент – оқу тәрбие процесінің кешенді көмекшісі», «Өзін өзі басқару – саналы азамат қалыптастыру негізі»,  «Мектеп парламенті. Оқушылардың өзін өзі басқару ұйымының жұмыстарын дамыту» тақырыптарында оқушыларға кеңінен  таныстыру жұмыстарын  жүргізді.

     Оқушылардың тең құқығы, әрбір жеке тұлғаға қатысты ізгілік, ашықтық, еріктілік, адалдық және серіктестерді құрметтеу қағидаттарына негізделіп құрылған мектеп парламентінің  алғашқы шаралары  облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде мектеп парламенті сайлауын өткізу комиссиясының төрағасы, №261 мектеп оқушысы Нұрсұлтан Мейрамбекұлы тікелей эфирде есеп беруімен жалғасты. Білім беру ұйымдарында «Мектеп Парламенті» жобасы  парламентке фракция мүшелерін сайлау үшін арнайы ереже бекітіп, кандидаттар өтініш беру кезеңінен өтті. Одан кейін   үміткелерге  үгіт-насихат жұмыстары үшін уақыт берілді.Сайлауды өткізу комиссиясы құрылып, ұйымдастыру жұмыстарында  оқушылар алдағы сайлау науқанына дайындық жұмыстарын жүргізіп, депутаттыққа үміткерлер сайлау алды бағдарламаларын  ұсынды. Мектептерде ұстаздармен оқушылардың арасында кеңінен түсінік жұмыстары жүргізілді, одан кейін арнайы іс-шара жоспары жасалып, мектептегі түрлі қоғамдық ұйымдардан осы мектеп парламентінің президентігіне үміткерлер ұсынылды.

Оқушыларға осындай  жауапкершілікті жүктеген  мектеп парламентінің алғашқы отырысы  сәуір айының  басында өткізіліп,   депутаттар мектеп президентінің алдында ант беру рәсімінен өтті. Өз мектебінің гүлденуіне үлес  қосуға  ниеттенген   парламент мүшелері: «Өзіме жүктелген мәртебелі міндеттерді адал атқаруға,  мектебіміздің бірлігі мен ынтымақтастығын сақтауға, ішкі ережелер мен тәртіптерді берік ұстанамын ” – деп ант берді.Бұл рәсім өз кезегінде оқушыларға  үлкен  жобаларды іске  асыруға жол  ашты.

 Мектептегі парламент жұмысы, мектеп  оқушылары арасынан оқушылар Президентін сайлау, жобаларды жоспарлау, іске асыру шараларымен жалғасты. Содан бері  облыс бойынша  мектептерде «Мейірімге толы жүрек » «Қайырымдылықпен қадам басамыз» акциялары, «Отбасы –мейрім ұясы»     «Жақсылық жасауға ұмтыл», «Біз және болашақ», «Оқуға құштар Ұлан», «Бабалар Үні» тақырыбында челлендждер ұйымдастырылды.Сонымен қатар, оқушылардың өлкетанулық білімін және тарихи – археологиялық танымын арттыру мақсатында “Ата қоныс – алтын мекен” тақырыбында онлайн форматта музей сағаттары ұйымдастырылып, онлайн саяхаттар өткізілді. Мектептердегі өзін-өзі басқару ұйымдары  алғыс айту, отбасы  күндеріне орай түрлі акциялар аясында  мектеп ұстаздарына, қарттарға, түрлі мамандық иелеріне  ашық хаттар   жолдау апталығын  өткізді. «Жүгір және тазала» плоггингі мен «Өз ағашыңды отырғыз» акциясы оқушылардың  сүйікті   істеріне айналды. «Ақылды бейсенбі» жобасында парламент мүшелерінің жұмыс жоспарлары таныстырылып, оқушылар үні тыңдалады. Осы  орайда мектептерде «Парламент  тынысы» жобасы іске асып келеді.Жоба аясында «Еңбек», «Эрудит», «Ақпарат» кеңестері жұмыс жасайды.Жобаларды жан-жақты  дамыту мақсатында онлайн форматта  мәдени шаралар, ZOOM платформасы арқылы  жиналыстар ,  онлайн ақпараттық сабақтар,танымдық сабақтар  өткізіліп, мектеп парламенттерінің атқарып жатқан шаралары   инстаграм, фейсбук желілерінде насихатталып отыр.Мектеп парламентінің мүшелері  халықаралық   балаларды  қорғау  күніне  орай  «Бақытты  бала- бақытты ел» шарасының аясында Облыстық  білім басқармасының     басшысы Ақзира Бақтыбайқызы Қасымовамен кездесіп жаңа жобалар  жоспарлап, өздерін ойландырып жүрген сұрақтарына жауап алды.

Мектеп  парламенті–білім алушылардың білім беру ұйымын бірлесіп басқаруға, оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру кезіндегі мәселелерді шешуге қатысу нысаны екендігін  ескерсек….  Жаңа  оқу  жылында Сыр ұландарының  алдында,

-Интернет-тәуелділіктің, кибербуллингтің және құмар ойындардың алдын алу  шараларын  ұйымдастыру,

– Оқушылар  арасында  экологиялық мәдениетін қалыптастыру,  

-Интеллектуалдық даму, зерделі түрде алдына нақты мақсат қоя білу дағдыларын қалыптастыру,

-Волонтерлік қызметті дамыту ,

-Денешынықтыру мәдениеті мен психикалық денсаулығын қалыптастыру ,

-Мектеп қабырғасынан кәсіби мамандыққа бағдар беру, еңбекке деген құрметті сіңіру ,

-Құқықтық мәдениетті қалыптастыру  бағыттарында  тың жобалар іске асыру міндеттері   тұр.

Ендеше   қоғамның алға басуы – жастарды білім мен тәрбие арқылы дамытуға, жаңаша ойлауға, бәсекелестік жағдайында іскерлікке үйретуге байланысты екені анық.Сондықтан өңіріміздегі  мектептерде өзін-өзі басқару мәселесіне ерекше көңіл аударылып, нәтижелі жобалар іске асырылуда.

Гүлайым АҚМЫРЗАЕВА,

Қызылорда облыстық оқу орталығының бөлім меңгерушісі

Тағы да оқыңыз: