Kyzylorda-news.kz. Бүгін Асқар Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде «Ұстаз аты – биік, әрі мәңгілік» атты ұстаздар мерекесіне арналған салтанатты шара өтті.

«Халқымыз ұстаздық ету талабы қашанда таусылмайтын, заманы ешқашан ескірмейтін кәсіп. Ұстаздарды ұлықтап, қадір тұтып, құрметтеу – парыз. Білім беру ісі бұл тамыры тереңде жатқан, бір күн немесе бір жылда көрінбейтін еселі еңбек», – деген қала әкімі Ғ.Қазантаев қаладағы барлық ұлағатты мамандық иелері мен білім саласының ардагерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.

Шара барысында ардагер ұстаздарға ерекше алғысын жеткізіп, ұлағатты мамандық иелерінің мәртебесінің қашанда биік екендігін тілге тиек етіп, ардагер ұстаздарға сый-сияпат жасап, құрмет көрсетті.

Өз ісіне деген адалдығын нақты іспен, нәтижелі жұмыспен дәлелдеп, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын ұстаздар еңбегі қай уақытта да ескерусіз қалмайды. Осы орайда шаһар басшысы білім саласында үздік нәтижеге қол жеткізген сала мамандары үшін ең биік марапат болып саналатын “Алтынсарин” төсбелгісін «Orda School» мектебінің мұғаліміне табыстап, жоғары жетістіктерге жеткен ұстаздарды ҚР Білім және ғылым министрлігінің және облыс әкімінің алғыс хатымен марапаттады. Сонымен бірге педагог-қызметкерлерге қала әкімінің алғыс хаты және (150 мың теңге) қаржылай сыйақысы табысталып, қаланың біршама директорлары «Серіктес директорлар» лигасы принтерінің иегері атанды.

Бүгінгі мерекеде қалалық қосымша білім беру орталығының жас өнерпаздары әсем әуенмен сүйемелденген вальс биін билеп, ұстаздардың құрметіне ән шырқады.

Жалпы, білім саласын дамыту жолында қаламызда да көптеген оңды істер атқарылуда. Бүгінгі күні 55 жалпы орта білім беру ұйымдарында қала бойынша 7 мыңға жуық бала білім алсағ оның ішінде 3-6 жас аралығындағы 21 мыңнан аса бала мектепке дейінгі мекемелермен 100% қамтылып отыр. Биылдан бастап 1-3 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі мекемелермен қамту көрсеткішін арттыру жұмыстары қолға алынып, қаладағы 21 балабақшада тәрбиеленуде. Осы жылдан бастап бүлдіршіндерімізге заманауи тәрбие мен білім беру мақсатында қала аумағында орналасқан 8 балабақшада «Стэм» кабинеттер жұмыс жасауда. 55 мектептің 30-ы арнайы мамандармен қамтылып, инклюзивті білім беруге жағдай жасалды. Атап айтқанда, Өңірлік Жол картасына сәйкес, өткен жылдан бастап облыс орталығында 13 инклюзивті кабинет өз жұмыстарын бастады. Одан бөлек, инклюзивті білім беруді дамытудың 2020-2022 жылдарға арналған Өңірлік жол картасына сәйкес, білім беру ұйымдарынан 1 ресурстық орталық және 1 аутизм балаларды қолдау кабинеті ашылып, жұмыс жасауда. Соңғы үш жылда оқушыларды сапалы білім нәрімен сусындатып, болашағы жарқын болуы мақсатында қызмет еткен Тәкей Есетов атындағы №264 мектеп лицейі облыс деңгейінде «Үздік орта білім беру ұйымы» атанды.

Бүгінде қызылордалық жас шәкірттерді 19-ы Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгі иегері, 3-і ҚР «Білім беру ісінің үздігі» және 12-сі «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» білім нәрімен сусындатып жүр. Жалпы Қызылорда қаласының мектептерінде 7336 мұғалім, оның ішінде жоғарғы санатты 178, Шебер 15, Педагог зерттеуші 1614, бірінші санатты 121, 1705 педагог сарапшы, 331 екінші санатты, 1511 педагог модератор қызмет етеді. Сондай-ақ биылғы оқу жылында 81 жас маман жұмысқа қабылданды.

Тағы да оқыңыз: