Білім беру бағдарламасының басым бағыты – педагог мәртебесін арттыру – Kyzylorda News
Басты бет

Білім беру бағдарламасының басым бағыты – педагог мәртебесін арттыру

14.04.2020, 17:00

1027 0

Kyzylorda-news.kz. 2019 жылы 27 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы» № 988 Қаулысы қабылданды. Бұл бағдарламаның мақсаты қазақстандық білім мен ғылымның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру және жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде тұлғаны тәрбиелеу және оқыту, сонымен қатар елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ғылымның үлесін арттыру екендігі нақты көрсетілген. Оның міндеттерінің біріне педагог кәсібінің жоғары мәртебесін қамтамасыз ету, педагогикалық білім беруді жаңғырту секілді өзекті мәселе кірді.

Осы орайда ата кету керек, бұған дейінгі қабылданған бағдарламалар аясында жоғары оқу орындарының академиялық және басқару дербестігін кеңейту туралы заң қабылдан болатын. Оның нәтижесінде Қазақстанда білім алғысы келетін шетелдік студенттер саны артып, қазіргі таңда 22 мыңдай шетелдік Қазақстан жоғары оқу орындарында білім алып жатыр. Әлемнің үздік университеттерінің QS халықаралық рейтингіндегі қазақстандық ЖОО саны 10-ға дейін өсті. Times Higher Education рейтингіне алғаш рет екі қазақстандық жоғары оқу орны кірді. Олардың бірі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ болып табылады. Мұндай жетістіктер жоспарлы түрде ғана іске асатындығы белгілі. Сол себепті осы университетке бой түзеп кез келген жоғары оқу орны аталған білім беру бағдарламасы аясында өзінің стратегиялық даму жоспарын бекітіп алып, өзінің көштен қалмай елмен бірге өсіп-өркендей беруіне бағыт-бағдарын белгілеуі тиіс. Әрине, бұл жерде ең алдымен педагог мәртебесін көтеру басым бағытқа ие болғаны абзал. Әсіресе шетелдік студенттермен жұмыс істейтін жоғары оқу орындарына мемлекет тарапынан оңынан қолдау көрсетілгендігі жөн сияқты.

Айта кету керек, қоғамда соңғы жылдары педагог мәртебесінің түсіп кеткендігі жасырын емес. Оған ауқымды педагогикалық жүктеме, қоғамдық жұмыстардың көптігі, жергілікті билік тарапынан берілетін тапсырмалар, т.б. жайттар кері әсерін тигізіп жатқандығын мамандар мен сарапшылар айтып та жүр. Сондай-ақ, кейбір оқулықтар сапасы да сынға алынып жатады. Алайда мұндай кедергілерді жоюға болады. Ол үшін ең алдымен оқулықты сол саланың маманы, сол пән бойынша ғылыми-зерттеу және педагогикалық жұмыстар жүргізіп жүрген кәсіби мамандар жазуы тиіс. Мәселен, «Тарих» оқулығына сол мәдени-тарихи кезеңді зерттеген маман автор болып тартылғаны абзал.

Кейбір жерлерде педагог кадрларға деген қажеттіліктің сақталып отырғандығы да белгілі жайт. Бұл үшін қай сала бойынша мамандар тапшы, соған мемлекеттік оқу гранттары санын ұлғайтқан абзал. Сонымен қатар, келешекте зейнеткерлікке шығатын мұғалімдер тобын да алдын-ала болжап, олардың арасында туындауы мүмкін кадр тапшылығын болдырмау үшін әрекет еткен жөн. Яғни, алдын-ала болжам жасап, тапшылыққа ұшырауы ықтимал мамандардың санын қадалап отыруымыз керек.

Жалпы алғанда, педагог мәртебесін көтеруге қоғам болып ат салысқан дұрыс болады. Оған ата-ана, қоғамдық бірлестіктер, зияткерлік орталықтар, т.б. ұйымдар көмектесуі керек және де бұл мәселеге бүкіл ел болып жұмыла кіріскен артық етпейді. Бұқаралық ақпарат құралдары да педагог мәртебесін көтеруге мейлінше араласып отырса, бала тәрбиесіндегі білім беру ісі одан сайын оңтайлана түсетіндігі сөзсіз.

Гүлмира САБДЕНОВА,

тарих ғылымдарының кандидаты,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті