Kyzylorda-news.kz. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан:іс-қимыл кезеңі» деген тақырыппен халыққа жолдаған Жолдауы өте маңызды, ең өзекті мәселелер жүйелі қамтылған.

«Ынтымақтың түбі-игілік» демекші еліміздегі етек алған зор қауіпті жою үшін ынтымақтаса отырып, сын сағатта халқымыз жұдырықтай жұмылып жұмыс жасауымыз қажет. Індетке қарсы күрес дана халқымызға тән құнды қасиеттердің арқасында жүзеге асуда. «Ынтымақ жүрген жерде, ырыс бірге жүреді». Ендеше,өзгеге қол ұшын беріп, тілеуін тілеу, көмектесу, тосыннан болған кеселге қарсы тұра білу де маңызды. Бұл-адами құндылықтың ең жоғарғы көрінісі болып табылады.

Қазақстан жаңа әлемде өзінің қандай орында екенін көрсетуі тиіс. Ол үшін қандай да бір өзгерістерді өлшеу және одан қорытынды шығара білу қажет. Жетістік шегін кеңейту және әлемдік стандарттар деңгейінен шыға білуіміз керектігін әрбір қазақстандық білуі тиіс-ақ.

Тұңғыш президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың көреген саясатының арқасында экономикамыз жақсы дамыды, әлемдік аренада үлкен беделге ие болдық. «Ұлы мақсаттарды өзінің алдына ұлы халық қана қоя алады» деп Елбасы Н.Ә.Назарбаев айтқандай жаңа белестерге ілесе білу,саясаттан ауытқымау- мақсатыңа жетудегі бірден –бір жетекші күш.

Жолдаудағы Қолжетімді әрі сапалы білім туралы ерекше айтылған жайттар да назардан тыс қалған жоқ. Мектеп- тектіліктің іргетасы. Коронавирус індетінің салдарынан дүние жүзіндегі білім алушылардың басым көпшілігі қашықтан оқуға көшті. Демек, жұмыстың тәсілі мен мазмұнында түбегейлі өзгеріс болып жатыр .Сондықтан, қазіргі таңда білім жүйесі санитарлық талаптарды сақтай отырып, білім алудың тиімді тәсілдерін қарастыруға да ерекше көңіл бөліп отыр.

Білім саласындағы басты мәселенің бірі- ұстаздар жалақысының 2021 жылдың қаңтар айынан бастап, 25 пайызға көбейту жөніндегі шешімі де Елбасының ұстаздар еңбегіне деген құрметпен қарай отырып, оң шешім қабылдауы құптарлық жайт.

Ұлттың жан болмысы туралы бөлімінде халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру,тұтас ұлт сапасын арттыру туралы басымдыққа көбірек тоқталған. Халқымыздың әлем үлгі тұтарлық жақсы , асыл қасиеттерінің көбірек болғанын қалайтыны жүрекке жылылық ұялата түседі. Шоқан Уәлихановтың «Тек ақиқат білім ғана күдік туғызбайды, ол өмірді бағалауға, тұрмыс құруға үйретеді» деген сөздің астарында қаншама ой жатыр. Олай болса, білімді болу үшін оқу керек. Бұл көзқарас қазіргі кезде өте маңызды.

Жиырма бірінші ғасырдың ұрпағы сауатты, терең білімді болуы шарт.Сол білімді ұрпақты ерінбей тәрбиелеу, бейімдеу –ұстаздардың қолында.Кәсіби дағды қалыптастыра отырып, жауапкершілікті арттыра білуіміз қажет. Қай істе де әділдікке жүгінсек, ол қоғамның алға басуының маңызды шарты болып табылады. Бәсекеге қабілетті мемлекет, зияткер ұлт қалыптастыру үшін адалдық, тазалық, тиянақтылық, ұқыптылық сынды құндылықтарды нағыз қазақ ұрпағының бойынан көруіміз үшін аянбай үлес қосуымыз керек деп ойлаймын.

Ұрпақты жат әдеттерден аулақ етіп, жақсы әдептерді бойға сіңірту- біздің жауапкершілігімізде.
Елімізде «Жауапты мемлекет- жауапты адам» жүйесі берік орнығуы үшін бірлесіп, кеңесе отырып, әрбір адамның жауаптылығын арттыра білуге жұмыс жасау маңызды. Еліміздің болашағы жолында зор жауапкершілікті дұрыс сезініп, әрбір іске сыни тұрғыдан қарап, бағамдай білу –сіз бен біздің қолымызда. «Бірлік-баға жетпес басты байлығымыз» деп Н.Ә.Назарбаев айтқандай біз барлық қиындықты артқа тастап, өз мақсатымызға жетеміз деп ойлаймын.

Еліміздің жарқын болашағы үшін бар күш жігерімізді салып, аянбай жұмыс жасауға шақырамын.

Бағила ЕСЕНБАЕВА,

Арал ауданы, Қызылжар ауылы №81 орта мектептің директоры

Тағы да оқыңыз: