Аралда 200 орындық мектеп-интернат салынып жатыр – Kyzylorda News
Басты бет

Аралда 200 орындық мектеп-интернат салынып жатыр

13.05.2021, 17:40

826 0

Kyzylorda-news.kzБүгін облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменов Арал ауданында болып, бірқатар құрлыс жұмыстарының жай-күйімен танысты.

Облыс әкімінің орынбасары алдымен Арал қаласындағы жаңадан салынып жатқан № 71 мектеп-интернатының құрылыс жұмыстарымен танысты. Бас мердігер «SCS Инжиниринг» ЖШС 100 орынға арналған интернаты бар 200 орынды №71 мектептің құрылыс жұмыстарын сәуір айында бастаған болатын. Құрылыстың мерзімі 12 айға белгіленген. Қазіргі таңда нысанның «А» және «В» блоктарының және спорт залының іргетасы толықтай құйылып, мектеп асханасының нөлдік жұмыстары жасалуда. Құрылыс жұмыстарының қарқынына куә болған облыс әкімінің орынбасары мердігер мекемеге мектеп-интернат құрылысын уақытында әрі сапалы аяқтауды тапсырды.

Одан әрі Арал қаласында өткен жылы салынған 1 қабатты 4 пәтерлі 10 тұрғын үйге аялдаған С.Сүлейменов жаңа тұрғын үйлерді аралап көрді. Атап өту қажет, мердігер мекемелер «Арал-су-құрлысы» ЖШС мен «Наурыз құрылыс» ЖШС үйлердің құрылысын өткен жылдың мамыр айында бастап, сол жылдың қыркүйек айында толық аяқтаған. Атқарылып жатқан жұмыстардың қарқынын кеңінен баяндап өткен аудан әкімі М.Оразбаев бүгінде жаңа тұрғын үйлерді аудан азаматтарына беру бағытында мәселелер қарастырылып жатқандығын жеткізді.

Мұнан соң аудан орталығындағы қайта жаңғыртудан өткізіліп жатқан Тәжі Палуан көшесіндегі жұмыстарға куә болды. Жақын күндері бастау алған 1,2 шақырымды құрайтын Т.Палуан қайта жаңғырту жұмыстары жергілікті «Арал жолдары» ЖШС арқылы жүзеге асырылуда. Қайта жаңғырту жұмыстары аясында көшенің автожолы асфальтталып, жаяу жүргіншілер жолы мен түнгі жарық шамдары орнатылатын болады. Бас мердігер аталған жобаны биылғы жылдың қараша айына дейін аяқтауды жоспарлап отыр.

Жол салу жұмыстарының басында болған облыс әкімінің орынбасары жауапты мердігер мекемеге жолдың сапалы салынуына баса назар аударуды қатаң тапсырды.

С.Сүлейменовтың ауданға жасаған жұмыс сапары одан әрі аудан әкімдігінің мәжіліс залында сала басшыларының басын қосқан қорытынды жиынға ұласты.

0

Пікір қалдыру