Kyzylorda-news.kz. Мемлекет басшысының Жолдауы еліміздің алдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттарын айқындап берді. Жаңа Жолдау ел дамуы мен халқымыздың өмірінде біршама жаңашылдықтың болатынын айқындады. Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Абайбек Жүнісов ел Президентінің Жолдауынан туындайтын міндеттерге тоқталып, өз пікірімен бөлісті.

Өз ойын ортаға салған Абайбек Талғатұлы «Бұл ретте жетекші ғалымдардың жалақысын базалық қаржыландыру арқылы төлеу, ғылыми ұйымдарды тікелей қаржыландыру, гранттық қаржыландыру бойынша ұтып алынған жобаларды орындау мерзімін 5 жылға ұзарту бастамаларын ерекше атап өтуге болады», – деді.

Сонымен қатар Жолдауда көрсетілген ІТ саласын дамыту тетіктеріне кеңінен тоқталып, бұл бағытта университет тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Университет базасында IT департаменті жұмыс істеп тұрғандығын да атап өтті.

Келесі кезекте проректор соңғы жылдардағы Мемлекет басшысының білім беру саласын қолдауы саладағы сапалық өзгерістерге негіз болғандығын жеткізді. Сонымен бірге «Алдағы 3 жылда ұстаздардың еңбек ақысын өсіруге 1,2 триллион теңге бөлінетіні барша зиялы қауымның көңіліне қуаныш ұялатты десек, артық айтпаймыз. Осы орайда, қыркүйек айынан бастап біздің университетте де оқытушы-профессорлардың жалақысы 90 пайызға, қызметкерлердің еңбекақысы 25 пайызға өсті», – деді Абайбек Талғатұлы.

Тағы да оқыңыз: