6 сәуірден бастап қазақстандық мектептер қашықтан оқытуға көшеді. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2020 жылдың 6 сәуірінен бастап қазақстандық мектептер қашықтан оқытуға көшеді. Қазір Білім және ғылым министрлігі ұйымдастыру тетіктерін пысықтауда. Бұл жөніндегі барлық жаңалықтарды жақын уақытта хабарлаймыз. Сондықтан түсіністік танытып, ресми мәлімдемені күтуді сұраймыз. Қазір мектептер мен мұғалімдерді сұрақтың астына алып, айыптаудың реті жоқ. Бұл мәселе Үкіметтің құзіретінде. Біз барлығын алдына ала хабарлаймыз», – деді Дәурен Абаев.

Оның атап өтуінше, осыған орай қосымша шара ретінде «Еларна» мен «Балапан» теле арналарынан оқушыларға арналған видео сабақтар көрсетіледі.

«Бірақ, бұл негізгі емес, қосымша шара. Осыны қайталап айтқым келеді. Аталған видео сабақтарды Білім және ғылым министрлігі дайындаған. Олар «Балапан» телеарнасында қазақ тілінде, ал «Еларнада» орыс тілінде көрсетіледі», – деді министр.

Тағы да оқыңыз: