ҚПЛ: «Қайсар» турнир кестесінде екінші орынға көтерілді – Kyzylorda News
Басты бет

Бізге жаңалық жіберіңіз: +7(702)702-76-00

ҚПЛ: «Қайсар» турнир кестесінде екінші орынға көтерілді

30.08.2020, 12:00

232 1

 Kyzylorda-news.kz. Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан чемпионатының жетінші туры аясында екі ойын өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алғашқы кездесуде Қызылорданың «Қайсар» және Қостанайдың «Тобыл» командалары шеберлік байқасты. Қос команда турнир кестесінде алдыңғы орындарда келеді. Сол себепті жанкүйерлер тартысты ойын күтті.

Ойында «Қайсар» сапынан Файфе Режинальдо 20-минутта есеп ашты. Ал 63-минутта қостанайлық Сергей Малый таразы басын теңестірді. Кездесу тағдырын 76-минутта «Қайсардың» капитаны Асхат Тағыбергеннің алыстан соққан голы шешті. Осылайша, қызылордалық клуб қарсыласынан 2:1 есебімен басым түсті. Бұл жеңістен кейін «Қайсар» турнир кестесінде екінші орынға көтерілді.

Айта кетерлігі, «Тобыл» «Қайсарды» соңғы төрт ойында жеңе алмай келеді. Оның үшеуінде қызылордалықтар жеңіске жетсе, біреуінде тең нәтиже тіркелді.

Бүгінгі тағы бір кездесу Көкшетаудың «Оқжетпесі» мен Қарағандының «Шахтер» командалары арасында өткізілді. Аталған кездесуде екі команда да жеңіске жетуге бар күшін салды.

Ойынның 27-минутында қарағандылық клуб сапынан Гидеон Баа есеп ашты. Оған «Оқжетпес» ойыншысы Марко Обрадович бір голмен жауап қайырды. Кездесу 1:1 есебімен аяқталды.

Аталған турдағы қалған үш кездесу 30 тамызда өтеді. Бұл күні «Ордабасы» мен «Қайрат», «Астана» мен «Тараз», «Қызылжар» мен «Каспий» командалары кездеседі.

1

Пікір қалдыру