Пяндж өзеніндегі ерлік – Kyzylorda News
Басты бет

Пяндж өзеніндегі ерлік

28.09.2021, 10:40

283 0

Kyzylorda-news.kz. Өмір сынаптай сырғып өтеді. Көп нәрсе ұмытылады. Тәжікстандағы азаматтық соғыстың аяқталғанына да аз уақыт бола қойған жоқ. Әйтсе де, Раджан Батырханов қабырғадағы портретінен бізге бәз-баяғы жас қалпында көз тас тап тұрған сыңайлы. Оның анасы, бауырлары мен мектеп кезінде тай-құлындай тебісіп өскен достары, туған өлкесі Қатон-Қарағайдан шығып, күркіреп аққан Пяндж өзеніндегі «ыстық нүктені» иық тіресе жүріп бірге қорғаған жауынгерлер арамызда жүр.

Демек, аға сержант Раджан Батырхановтың ерлігі туралы естелік ел жадында. Батыр-шекарашы тұрған, білім алған ауылдағы жалпы білім беретін мектеп, Қатон-Қарағайдағы көше және Шығыс Қазақстан облысындағы шекара жасағы бүгінде оның есімімен аталады.

Раджан күллі қазақ үшін киелі өр Алтай өлкесіндегі табиғаты таңдай қақтыратын, таза ауасы тынысыңды ашатын шағын ғана Қатон-Қарағай ауылында туып, кәмелет жасына жеткенше тұрды. Бұл өңірдің тұмса табиғаты мен өсімдік әлемі, табиғи бақтары мен қарағай, бал қарағайға толы алқаптары көз сүйсіндіреді. Барқыт бел, жасыл желегі теңдесі жоқ сұлулығын паш етіп тұрғандай. Құм басқан көне қазыналарымен құнды мекеннің қай төбесін қазсаң да мәдениеттің ошағына айналғанын анық аңғарар едіңіз. Осының бәрі қазақ жігітінің жігерін қайрап, қанатын қомдады. Мінезінен де, салған суреттерінен де (ол кішкентай кезінен сурет салуға құмар болды) тазалық пен асқақтықты байқайсыз.

Раджан бала күнінен әділдікке ұмтылып, бәріне әркез қолдау көрсетуге дайын тұрды. Қатарластарының бәрімен бірдей дос еді. Төбелеске жоламаса да өзін ешкімге басындырған емес. Жерлестері оның ұстамды әрі тәрбиелі болғанын айтады. Көп оқыды. Ағалары ауылды шарқ ұрып іздеп таппағанда кітапханаға жол тартады екен. Кітаптың қызығына түскен Раджан сонда уақыттың қалай өткенін сезбей қалатын көрінеді.

Мектепте оқып жүргенде-ақ ол офицер шекарашы болуға бекінген. Бұл оның үлкен арманы еді. Ержүректігі мен міндетіне адалдығын осы істе көрсеткісі келді. Жатса да, тұрса да ойында шекара тұрды. Жолақ қоршау, қырағы назардағы тыныштық, шекарашылардың айбарлы жүзі, мұздай қаруланған арам пиғылдылар, түнгі қарбалас, атыс… Әркез көз алдына осы картина келетін. Ойша міндетті түрде жауын қуып жетеді. Басқаша мүмкін емес. Өйткені шекара шебі сенімді жігіттердің қолында емес пе?! Олардың арасында, әрине, Раджан да бар. Иә, бала қиялы неткен жүйрік десеңізші?!

Уақыт өтті. Алтын ұямен қоштасар сәт те жетті. Жас түлек барлық емтиханнан сүрінбей өтіп, шекара училищесіне оқуға түсуге дайындалып жүр. Маңдайына жазылғаны шығар, училище курсанты болу бұйырған жоқ. Бірақ Раджан мектепте озат оқушы болғанының арқасында оқуға түсу сынағын сәтті тапсырды. Дене шымырлығы жөнінен де ешкімнен қалыспады. Бокспен айналысты, волейбол ойнағанды өте жақсы көрді. Өйткені гір тасы мен гантельді граждан щаң басқан жерінен тауып алып, күнде жаттыққан жоқ па еді?! Алайда, аяқ астынан ара шағып алып, аллергиясы қозып, Алматыға жету мұңға айналды. Аурудың беті қайтқанда бәрі кеш еді. Раджан, сөйтіп, ауылына оралды.

1993 жылы мамырда бозбала шұғыл түрде әскерге шақырту алды. Отан алдындағы азаматтық борышын Күршім шекара отрядында өтеді. Арманына осылай қол жеткізді. Раджан авторотада көлік жүргізушісі болса да, тыныштыққа іріткі салғандарды ит жетектеп қумаса да, жауынгер тері сіңген камуфляж киді.

Әскери қызметтегі бір жылдан кейін бөлімде Тәжікстандағы ТМД-ның ішкі шекарасын күзететін команда іріктелді. Раджан тізімге өз еркімен жазылды. Ештеңеден қаймыққан жоқ. Керісінше, сонда күшін сынағысы келді. Оның үстіне, Отан ол кезде елжанды ұлдарға зәру еді. Раджан осылай «отты» өлкеге баруды міндет санады.

Тәжікстандағы әскери қақтығыстарға қосымша дайындықтан өз бөлімінде өтті. «Есте сақтаңдар. Бұл сендерге Пяндждағы шекарада қажет болады», – деп ескертті тәжірибелі офицер-тәлімгерлері. Өздері Ауғанстандағы соғыста мұның бәрін бастан өткерген соң бұл сөздің парқын жақсы білді.

Үздіксіз жаттығу, талай шақырымға созылған жүгіру, атыс алаңындағы шеберлік, саяси сабақ бәрі артта қалды. Душанбе әуежайы Күршім ротасының шекарашыларын қабылдауға дайын.

Раджан Батырханов ең әуелі Душанбенің маусымдағы от бүркеген аптабы және жан-жақтан төнген жартылай әскери киімдегі қаруланған адамдармен бетпе-бет келді.

Содан кейін «Кеврон» комендатурасы мен шекара заставасы орналасқан Калай-Хумбке апарар ұзақ жол күтіп тұрды. Шығыс Қазақстаннан шыққан жиырма жастағы ауыл баласы дәл осы жерде шекара шебін қорғауы тиіс.

Жаңа өмір, өзгеше қызмет басталды. Бәрінен бұрын жағдайға қарай ауысып отыратын ережелерді ескеру қажет. Оның біріншісі – қаруланбаған боп көрінсе де ешқашан қарсыласқа бұрылмау. Әлбетте, жергілікті тәжіктер жау болған жоқ. Бірақ елден маза кеткен кезде өзіміз немесе өзге деп бөліп-жару мүмкін емес-ті. Мұнда бітімгерлердің, әсіресе, құрамында әртүрлі ұлт өкілдері барына қарамастан Қазбат аталған қазақтардың маңызы зор болды.

Қазақстандық бітімгерлерге өздеріне бекітілген аумақты күзетуден бөлек, қорғауға тура келді. Оның сыртында тәжік кландары билікке таласып жатты. Ал алда моджахедтері кез келген минутта шекараны кесіп өтуге дайын Ауғанстан. Жауынгерлері оларды осылай отқа салып, төзімділіктерін сынап отырды. Пяндж өзенінің ауған бөлігінде тәлібтердің үлкен күші қалыптасты. Шекараның көптеген аумағында әскери қақтығыстардың туындауы заңды-тұғын.

Дегенмен, жауынгерлердің тұтқиылдан тап беруі ғана қорқыныш сезімін тудырған жоқ. Қазбаттың әскери қызметшілері наркотрафик қысымына да қарсы тұрды. Ал есірткі бизнесінде қатал әрі аяусыз ойын жүрді. Оның ішінде шекара аймағында тіршілік ететін тәжіктерді ғана емес, бітімгерлерді де тұтқынға алу, оларды Ауғанстан территориясына алып кету және туған-туыстарына өз талаптарын қою да бар.

Раджан мен әскери қызметтестері үшін Тәжікстанмен шекараны кесіп өткеннен кейін қызметтің маңызы артты. Мұнда бәрін қатал өмір мектебі күтіп тұрды. Сәл босаңсыса немесе ақымақтық жасаса, бітті дей бер!

Күркіреп аққан Пяндж өзеніндегі тіршілік жағдайы қолайсыз. Жеке құрам қазба орнында тұрды. Ауа температурасы елу градустан төмен. Таулы аймақта өмір сүрген Раджанның өзіне алғашқы кезде ауаның сиректігінен тыныстау қиынға соқты. Бірақ бертін өте келе жас ағза оған да үйреністі.

Уақыт мұнда баяу өтіп жатты. Тәжік-ауған шекарасына тек «дембель» дәрежесіне жетуге шақ қалғандар ғана шығатын. Сарбаздар Тәжікстанда келісімшартта көрсетілгендей үш емес, алты ай болды. Сондықтан қай-қайсысы да үй ішін қатты сағынды. Раджан анасын көп ойға алды. Ол ұлының қайда екенінен бейхабар болатын. Баратын жері туралы тек әпкесіне ғана айтқан еді. «Үнсіз кеткенім, сізді саруайымға салғаным үшін кешір мені, анашым! – деп Раджан ең жақын адамымен ойша сөйлесті. – Көп ұзамай ораламын. Шамалы қалды».

Сол бір қатерлі күні застава жауынгерлері Қазақстанда өздерін ауыстыратын рота дайындалып жатқанын білді. Ендеше, «дембельдер» үйге қайтатын күн жақын. Раджан мен өзгелерінің көңілі көтеріңкі. Сарбаздар үлкен қазанын сайлап, кешкілік палау басуға келісті.

Бірақ тағдыр жолы басқаша өрілді.

Тек сен есен-сау оралсаң екен…

Сол күні Хаким бандасының қаруланған 200 жауынгері Висхарв шатқалындағы 5 және 6-шы шекара заставаларының түйіскен аумағына басып кірмек болды.

Он жүк көлігіне мінген олар Калай-Хумб ауданының орталығы арқылы Хорог бағытына қарай жүрді. Бар мақсаты – Ауғанстан ислам мемлекетіне жету. Жауынгерлер Калай-Хумб қыстағынан шығып, ойламаған жерден оқты қарша боратты.

Шекаралық командетура гарнизоны «Шайқасқа!» деген командамен өре көтерілді. Комендант 5-ші шекара заставасының жетекшісіне колоннаны резервімен бірге ұстауды тапсырды. Шекара заставасының бастығы Безвесельных колоннаны тоқтатып, қарсыластармен келіссөз жүргізуге орынбасары, лейтенант, Владимир Селюкті жіберді. Алайда, олар офицердің өзіне тап беріп, тұтқын ретінде жариялады. Сөйтіп, колоннаның одан әрі кедергісіз жүруін талап етті.

Шекара заставасының бастығы офицерін құтқарып, қыстақтағы (шекара заставасы қыстақтың шет жағында орналасқан) кінәсіз адамдардың өліміне жол бермес үшін қарсы тараптың талабына келісті. Колоннаның жүруіне рұқсат берді. Бірақ лейтенантты босатқаннан кейін де комендант тапсырмасын орындауды жалғастырды.

Ізге түсу шарасын лейтенант Селюк бастаған шекарашылар тобы жүргізді. Оның құрамында Күршім шекара отрядынан, Хорог шекара отрядындағы «Кеврон» шекара заставасынан әскери қызметшілер бар.

Қарсыластар «Висхарв» бекетінен ұзап кете алған жоқ. Висхарв шатқалына жеткен соң олардың Джума бандиттерімен келіссөз жүргізгені сөзсіз. Әрі қарай алдарында ені өте тар көпір бар. Одан аса сақтықпен өтпесе болмайды. Алға жылжи бергендері сол еді, шекарашылар қолына түсті.

Алагеуім шақ жағдайды күрделендірді, бірақ шекара сақшыларында таңдау жоқ еді.

Жауынгерлердің бөліну ниеті болған. Алайда, шекарашылар оларды картадан шатастырды. Лейтенант В.Селюк кіші сержант Р.Батырхановпен бірге қарсыластарға қарай жылжып, көліктен ұзап, қаруларын тастау керектігін жариялады.

Екі топқа бөлінген жеке құрам шайқасқа дайындықты бастап кетті. Селюк пен Дмитришеннің басқаруындағы бөлім тура жолдың үстінде, ал тең жартысы аға лейтенанттар Федоров және Неждановтың жетекшілігімен жоғары жаққа, жақын маңдағы шоқыға шығуға талпынды. Таудағы соғыс кезінде «кім жоғары, сонікі дұрыс» принципі әрдайым сенімді. Жауынгерлер бұл шоқыда Джума бандитінің позициясы барын білген жоқ.

Жауынгерлер арасынан колонна соңына түскен «қара араб»:

– Тоқтаңдар, келісейік!

– Келісім аяқталды! – деді Селюк.

– Ендеше, соғыс па? – деп сұрады жалдамалы.

– Соғыс! – деді лейтенант.

Жауап ретінде қарсы тарап қолда бар қарудан оқ жаудырды.

Шоқыда атойлаған жауынгерлер Джума боевиктері де күтпеген позицияға секірді. «Сақалдылармен» бірінші көзбе-көз келген қатардағы жауынгер Большаков пен сержант Ахметов болды.

Жаратылысынан мықты Большаков қоян-қолтық ұрысқа көшті. Қарсыластарға ес жидырмастан пулеметтерін тартып алды. Арық болса да шымыр әрі епті Ахметов әлгілердің біріне оқ атып, позицияны иеленді. Көп ұзамай шоқыға Федоров тобының қалған жауынгерлері де жүгірді. Ал Джума қарақшылары позицияны тастай қашты. Алексей Федоров шабуылдаушыларға тиесілі көліктердің бірі (анықталғандай, онда Хаким отырған) көпірден өтіп, жоғары жылдамдықпен бой тасалаған. Оның ізінше тағы бір көлік жүріп өтті.

– Олжабаев, ат! – деп бұйырды Федоров гранат лақтырушыға.

«Көңілді» деген лақап есімі бар, «Алексеевка» шекара комендатурасының өкілі, қатардағы жауынгер Олжабаев бұйрықты бұлжытпай орындады. Граната жоғары қарай жаңсақ кетті. Жауынгер келесіде кемшілікті түзетті. Екінші атыстан «ЗИЛ» отқа оранды.

Аға сержант Батырханов төменгі жақта бетон жол қоршауында қарсы тарапқа қарай оқ бағыттап тұрған. Ол қарақшылар тобының жотаның бүркемелеуімен біздің шекарашылардың алдын орағытып, ту сыртынан пышақ ұрғысы келетінін байқап қалды. Раджан дереу автоматтан оқ атып, белгі беріп ескертті. Нәтижесінде 5 қарсыласқа дейін жайратып салды.

Батырханов қарақшылар тобын байқамағанда соңы немен аяқталарын кім білсін?! Біздің тараптың қандай шығынға ұшырайтынын тап басып айту да қиын.

Ол барынша сенімді қорғанысқа ығысып, артқа қайтса да, өлі, от дарымайтын өзенге сырғып түссе де болар еді. Бірақ олай істеген жоқ. Батырлық үлгісін көрсеткен аға сержант аяғынан жараланды.

Бұл сәтте жолдастары көмек қолын соза алмады. Алайда, лейтенант Владимир Селюк Батырхановқа жетіп, оқ құрсауынан алып шықты. Ол көп қан жоғалту салдарынан ес жимай көз жұмды.

Раджан Батырханов ерлік жасады. Ол жолдастарының өміріне қауіп төніп тұрғанын біліп, қарақшылардың назарын өзіне аудартып, жауынгерлік міндетке адалдық танытты. Шекарашы өзге әріптестерінің амандығы үшін өз өмірін құрбан етті.

Куәгерлердің сөзінше, дәл осы кіші сержант Батырханов шайқастың сәтті өтуіне ықпал етті. Ол болмаса, біздің тараптың жеңіске жетуі неғайбыл еді. Лейтенант Селюктің тобы қарақшылардың қос қапталдан жасаған шабуылына тойтарыс бере алмас еді. 20-25 минуттан кейін жеткен резервтің өзі тұзаққа түспесіне ешкім кепілдік бере алмайды.

Раджан әскери тапсырманы орындау жолында аянып қалған жоқ. Комендатура резервінің қозғалысы мен оңтайлы орын табуын қамтамасыз етті. Ал бұл Хаким жауынгерлерінің әрекетіне нүкте қойды. Ақыр соңында Висхарв шатқалын басып алудан босатты. Ол Қазақстан Шекара қызметіндегі батырлық пен ерліктің үлгісіне айналды.

Бұл шайқасқа Күршім шекара отрядынан взвод командирі, лейтенант Дмитришин және батальонның медициналық көмек пунктінің бастығы, аға лейтенант Хакимов бастаған 29 шекарашы қатысты. Екі өкілі жараланды. Біріншісіне мидың шайқалуы диагнозы қойылса, екіншісіне оқ тиген. Қазақстандықтар із кесу тобының жетекші көлігінде отырған. Шайқасқа бірінші боп кірген де солар.

Шекарашы қазақстандықтар өте сауатты, оңтайлы әрі байсалды қимылдады. Барлығы да ерекшеленді.

Мысалы, қатардағы Олжабаев оқ қоры таусылғанда қарсы жақтан басып алынған қол граната лақтырғышынан оқ жаудырды.

Қатардағы Кулемин шабуылдаушылар позициясына бірінші болып басып кіріп, оқ атты. Шайқас кезінде көптеген трофеялық қару-жарақты басып алды.

Қатардағы Жапаров оқ белгісі арқылы жараланған сержантты жасырды.

Қатардағы Кадырбаев алғашқылардың қатарында сержант Батырханов атқан отты нүктеге көтерілді. Мұнда трофеялық пулемет лентасын пайдаланып, қарсыластарға өз пулеметінен оқ жаудыруды жалғастырды.

Бұл шайқас аяқталғанмен жанған автокөліктер көпке дейін жан-жағын самаладай жарық қып тұрды. Ол жақтан ешкім оқ атқан жоқ.

Застава жауынгерлері мен қазақстандық взвод бұйрыққа сәйкес позиция ауыстырып, өздері төменге түсті. Комендант қазақстандық батальоннан бір атқыштар взводын, мангруппаның жеке құрамын тартып, шатқал күзетін ұйымдастырды. Командант көп ұзамай заставаның жеке құрамы мен Күршім взводын «Кевронға» жөнелтті. Олар да сәлден соң жетті. Қаза тапқан жауынгер мен тұтқындарды әкелген олар Тәжікстан Республикасы Қорғаныс министрлігінен болып шықты. Бұлар маусым айының басында Памир тұсында қарақшылар қолына тұтқынға түскен. Бірнее адам жараланып, біреуі көз жұмды. Бұл оқиға түнде болған еді, таңертең марқұмдарды лейтенант Хакимовтың басқаруымен Калай-Хумбке жөнелтті.

Раджанның қауіпті шайқасы осылай аяқталды. Жиырма жастағы ержүрек жігіттің ерлігі ел жадынан өшкен емес.

Шекарашы, кіші сержант Р.Батырханов – Шығыс Қазақстан облысы Қатон-Қарағай ауданының тумасы. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен ТМД-ның ішкі шекарасын қорғаудағы батылдығы мен ерлігі үшін ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Шығыс Қазақстан облысының Қатон-Қарағай ауылдық клубында орлен батырдың анасына табысталды.

Раджанның онымен амандықта қауыша алмағаны өкінішті…

Шайқас нәтижесі: Хаким қарақшыларының тобы талқандалды: 32-сі қаза тапты, 9 жүк көлігінің 7-і жойылды, 4-і хабар-ошарсыз кетті, 1-і түтқындалды, 50-ге жуығы жараланды.

Тәжікстан Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілер құрамынан 1994 жылы шілденің соңында қарақшылар қолына түскен 12 тұтқын (олардың қатарында мотоатқыштар батальоны штабының бастығы, подполковник Крпихун да бар) босатылды. Өкінішке қарай кінәсіз төрт азаматтық жүргізуші мен қыстақтың екі тұрғыны құрбан болды. Шабуылдаушылар қатарында тұтқындағы әскери қызметшілер барын біздікілер білген жоқ. Ал олардң саны 40-тан көп еді. Қалғандарының тағдыры белгісіз.

Бекзат Молдахметова,

аға лейтенант

0

Пікір қалдыру