Абай-175: Әлемнен ақын мұралары жиналады – Kyzylorda News
Басты бет

Абай-175: Әлемнен ақын мұралары жиналады

06.02.2020, 17:20

648 0

Kyzylorda-news.kz. Әлемнің 29 мемлекетімен байланыс орнатқан облыстық Пушкин атындағы кітапхана Абайдың мұрасын жинауда, деп хабарлайды Baq.kz.

Жақын және алыс шетелдердегі орталық кітапханалармен байланыс орнатқан Шығыс Қазақстан облыстық кітапхана қызметкерлері электронды кітап қорын Абайдың шығармаларымен толықтыруды бастап кетті.

«Әлемнің 29 мемлекеті біздің бастамамызға үн қосып, өздерінің кітапхана қорларындағы Абай Құнанбаев туралы бар мәліметтерді беруде. Олардың көпшілігі материалдардың электронды нұсқаларын табыстаса, Моңғолия, Қытай және Литва сияқты мемлекеттер өз тілдерінде жарық көрген «Абай жолы» романдарының қағаздағы нұсқаларын берді. Оларды сканерлеп кітапхананың электронды қорына қостық, ал кітаптағы нұсқаларын өзіміздің кітап қорына қойдық», – дейді Пушкин атындағы облыстық кітапхананың өлкетанушы-библиографы Зиза Сіләмова.

Осылайша әр адам ғаламтор арқылы «Абай жолы» роман-эпопеясының әлемнің 29 тілдегі нұсқасын оқуға мүмкіндік алды. Абайдың өмір жолын баяндайтын романды өзге тілде оқығыңыз келсе не істеуге болады? Ол үшін кітапхананың оқырманы болу міндетті.

Смартфоныңыздағы арнайы қосымша арқылы QR-кодпен кіріп романның өзбек, тәжік, парсы және басқа да тілдеріндегі нұсқаларын оқи бересіз.

«Абайдың мұрасын әлем бойынша жинағаннан кейінгі библиографиялық жұмыстар таза біздің кітапхана қызметкерлерінің мойнында болды. «Біздің Абай» жобасы өте ауқымды. Оның ішінде жалғыз Абай туралы немесе Абайдың жазған кітаптары ғана емес, сонымен қатар Абай туралы әлемнің басқа елдерінде қандай сайттар бар, қандай мақалалар шықты, ақынның қанша ескерткіші бар осының барлығы біздің сайтмызға енгізілген», – деді Зиза Мұхтарханқызы.

Кітапхана төрінде орын тепкен «Адамзаттың Абайы» көрмесін де бірнеше бөлікке бөліп ақынның түрлі қасиеттеріне орай «Абай ағартушы», «Абай – гумманист-философ», «Абай – аудармашы», «Абай – композитор» деп атаған екен.

«Ақынның ұстаздық, пәлсапалық, аудармашылық өнерлеріне орай біз көрмені бірнеше бөлікке бөліп, көпшілікке ұсынуды жөн көрдік. Өйткені оның қара сөздері мен шығармаларында қаншама пәлсапалық ойлар жатыр. Ол Пушкин мен Лермонтовты аударып, қазақ даласына әкелді. Абайдың ақындық қасиеттерінен бөлек оның әндері қаншама. Біз оның өз әндеріне әуенді өзінің жазғанын біле бермейміз. Осынысынан-ақ оның композиторлық қасиетін танимыз. Абайдың артында үш бірдей күй қалғанын көпшілік білмейді. Міне сондықтан біз ұлы ойшылдың көрмесін оның түрлі қасиеттеріне қарай бірнеше бөлікке бөлдік», – деп қосты Зиза Сіләмова.

0

Пікір қалдыру